Маңғыстауда 14 желтоқсандағы жағдайға сәйкес I-II деңгейлі инфекциялық стационарда 97 адам ем қабылдап жатыр. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 97 науқастың 31 адамы коронавирусқа тапсырған сынама оң нәтиже көрсеткен. Қазіргі уақытта орта дәрежелі жағдайда 84, жағдайы ауыр халде 11 науқас, өте ауыр хәлде 2 науқас бар. Бұл бөлімге түскендердің нашарлауына жедел тыныс жетіспеушілігі және ілеспе аурулардың болуы себеп.
Бүгінде аймақтың оқшаулау орындарындағы төсек-орын жүктемесі 24 пайызды құрайды. Облыс көлемінде 412 инфекциялық І-ІІ сатылы төсек орын бар. Сондай-ақ, реанимациялық төсек саны 54.
Анықтамасыз шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарына арналған карантиндік стационарларда барлығы 270 төсек орын бар.