Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
Іс-сапар барысында ол облыстық экологиялық депертамент мамандарымен кездесіп, бірқатар қызметкерлерді ведомстволық Құрмет грамотасымен марапаттады.
Департаментке пайдалануға берілген атмосфералық ауа сапасын әуеден онлайн бақылайтын портативті газоанализаторлы пилотсыз аппаратпен танысты. Алдағы уақытта басқа өңірлерде де ауаны ластаушы өндіріс орындарын жедел анықтау үшін осындай құралдар алынбақ.
Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, итбалықты емдеу жұмысы үшін тиісті мамандар даярлау мәселесін де жолға қою қажет.
«Каспий итбалықтарын зерттеу және қалпына келтіру орталығына бардым. Мұнда жарақат алған, ауырған су сүтқоректілерін емдеп, мекен ету ортасына қайта жібереді. Министрлік өз тарапынан орталықты кеңейту, жабдықтандыру жұмысына қолдау көрсетуге дайын. Біз үшін әрбір итбалықтың өмірі қымбат», - деп жазды министр Twitter парақщасында.
Мағзұм Мырзағалиев экологиялық департамент өкілдерімен және «Қазгидромет» РМК, облыстық аумақтық орман шаруашылығы және өсімдіктер әлемі инспекция мамандарымен жиналыс өткізіп, экология, табиғатты қорғау мәселелерінде жергілікті халықпен кері байланысты күшейтуге тапсырма берді.
Министр, сонымен бірге, «Қазазот» ЖШС өнеркәсіп орнын, Caspian Riviera балық шаруашылығы мекемесін аралап көрді. Қазазот басшылығымен кездесу барысында зауыттың атмосфералық ауаға шығарындылары көлемін азайту мәселесі талқыланды.
Сонда-ақ, Экология министрі Каспий итбалықтарын зерттеу және қалпына келтіру орталығының жұмысымен де танысты. Айта кетейік, орталық ветеринарлары жақында Қызыл кітапқа енген су сүтқоректілері жарақаттанып, жағаға шығып қалғанда алғашқы көмек көрсетіп, құтқару жұмысымен айналысады.
«Жалпы, Қызыл кітаптағы итбалықты ұрып-соғу жағдайы бұдан кейін қайталанбауы тиіс. Сондықтан келешекте біздің мамандарымыз еріктілерді тартып, оқу курстарын өткізбек»,- деді министр.