Жаңаөзен қаласының тұрғыны Бекмұханбет Арыстан 7 жастан бастап тәтті нан өнімдерін дайындауды үйренген. Бұл кәсіпті хоббиіне айналдырудың басты себебі ата-анасына тәтті тағамдар әзірлеп, дәмді аспен қуанту болған. Бүгінде ол тоқаштар мен печеньелер әзірлейді. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір Арыстан 13 жаста, Жаңаөзен қаласының №20 орта мектебінде 8 сынып оқушысы.
«Тәтті нан өнімдерін 6-7 жастан пісіріп бастадым. Болашақта арманым ветеринар болу және наубайхана ашу. Негізі барлық тағам түрлерін, тәтті торттар да пісіре аламын. Дегенмен, тәтті нан өнімдерін сүйіспеншілікпен жасаймын. Қазіргі таңда өзім дайындаған нан өнімдерін сатып, үйден тапсырыс қабылдаймын. Ол менің болашақтағы кәсібім емес, жай ғана қызығушылығым», - дейді Арыстан Бекмұханбет.
Арыстанның анасы Мәншүк 13 жасар баласының бұл қызығушылығын қолдап, таңдауына көзқарасы жақсы екенін қуанышпен айтты. Арыстанның ертеңіне үлкен үміт артып, талай белестерді бағындыратынына жақын жандарының да сенімі мол.