Ақтауда коронавирус індетімен күресте белсенділік танытқан бір топ азаматтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған "Халық алғысы" арнайы медалімен марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұқпалы індетпен күресте ерекше көзге түскендердің қатарында денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, спорт, коммуналды қызмет және өзге де сала өкілдері мен еріктілер бар. Марапат иелеріне медальді қала әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов табыстады.
"Сіздер пандемиямен күресте елеулі еңбек еттіңіздер. Адам өмірін сақтауда жанашырлық танытып, біріңіз оттегі балонын тасып, біріңіз дәрігерлерге көмек көрсетіңіздер. Әрқайсыңыз бұл жағдайда бей-жай қалмай, "бір жеңнен қол, бір жағадан бас" шығарып, ауызбіршілікпен өз еріктеріңізбен игі іс жасадыңыздар! Барлығыңызға шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін", - деп ризашылығын жеткізді.