Жаңаөзендегі "Мұнайшы" мәдениет үйі 1980 жылы қолданысқа берілген болатын. Нысан 2001-2002 жылдары реконструкциядан өтті. 2019-2025 жылдарға жоспарланған Жаңаөзен қаласының әлеуметтік даму бағдарламасы аясында «ӨзенМұнайГаз» АҚ демеушілігімен биыл сәуір айынан бастап "KazPetroCon" ЖШС компаниясы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"«Мұнайшы» мәдениет үйі – қаламыздың алғашқы өнер қарашаңырағы. Қала құрылғаннан бастап тұрақты түрде жұмыс істеп, жұртшылықтың мәдени дамуына ерекше үлес қосып келе жатыр. Биыл жөндеуден өтіп, қазірде халық қолданысына беруге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл баршамыз үшін ортақ қуаныш, жас талантты балалардың өсіп жетілуі мен шығармашылық дамуы үшін барлық жағдай қарастырылған», - деп мәлімдеді Жаңаөзен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ұлбазар Орынбаева.
Құрылыс нысанында бастапқыда 48 адам жұмыс істеді. Ғимараттың қасбеті толықтай жаңартылып, сыртқы аула бөлігіне дейін жөндеуден өтті. Үлкен сахна залына жаңа заманауи үлгідегі декоративті жабындар қапталып, LED экрандары орнатылды. Жарық прожекторлары және дыбыстық құрылғылар толықтай жаңартылды.
«Жөндеу жұмыстары толықтай құрылыс талаптарына сай жүргізілді. Бұрынғы боулинг залы қазірде кіші конференция залы ретінде жасақталып, шығармашылық ұжымға қолданысқа беріледі. Ғимараттың шатыры талапқа сай қапталып, өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында гидроизоляциялык қаптама және вентиляция, жылыту құбырлары, барлық қабаттағы санитарлық тораптар жаңартудан өтті», - деді Ұ. Орынбаева.
Сонымен қатар, Ұ. Орынбаева құрылыс кезінде үйірме сабақтары мен шығармашылық ұжымдарының жұмысы тоқтамағанын, олар онлайн үлгіде жүргізіліп, байқауларға қатысуға ешқандай кедергі болмағанын айтты.
«Жастар қазірде жұмыс жасаудың жаңа үлгісіне кез келген уақытта дайын болуы қажет. Қазіргі таңдағы оқиғалар толқынының өзі осындай жан-жақтылықты талап етеді. Алайда, қысылтаяң шақтың өзінде, мәдениетке мемлекет тарапынан қолдау үзілмеді. Бүгінгі таңда ашылғалы отырған «Мұнайшы» МҮ соның бірден-бір дәлелі. Жас өрендері әлемдік додаларда топ жарып жүрген мәдениет ордасы - біздің үлкен мақтанышымыз, әлі де биік белестерді бағындыратынына сенім білдіре отырып, жаңа ғимаратта жаңа шабыт пен жаңа жеңістер тілеймін», - деп сөзін түйіндеді.