«AirAstana»-ның еншілес әуе компаниясы еліміздің әр қиырындағы адамдарды өз жақындарымен жүздестіру мақсатында түрлі бағыттағы рейстердің санын арттыруда. Соның бірі «Ақтау – Орал – Ақтау» бағыты. FlyArystan Ақжайыққа алғашқы рейсін 27 қазанда бастады. Алғашқы сапарлаушылардың қатарында «Mangystaumedia» ұжымы да болды.
FlyArystan-ның ең бірінші артықшылығы – билет бағасының арзандығы. Алайда билет бағасына сай қызметтер ұсынылады. Мәселен, Орал бағытындағы билет құны 7 мың теңгеден басталады. Өзіңіздің стандарт билетіңіз үстіне төлем жасап «Стандарт Плюс», «Комфорт», «Комфорт плюс» сынды тарифтік пакеттерге өзгертуге болады. Әр тарифтік пакетке сай ұсынатын қызметтері де сан алуан.
«FlyArystan» әуе компаниясының ерекшелігі жол жүру билеттерінің қолжетімділігі. Бірақ Маңғыстау өңірінде кейбір қиындықтармен кез болып отырмыз. Мысалы әуежай мен қалаға, екі ортаға қатынайтын автобус жиілігінің тұрақсыздығы. Жергілікті халық әуежайға такси қызметін пайдаланады екен. Такси бағасы да арзан емес. Қарапайым халық барлық жағынан үнем жасағысы келеді. Сондықтан төмен бағадағы автобус қызметі де болуы керек. Осы мәселе бойынша «Flyarystan» жергілікті атқару органдарымен кездесіп, мәселенің шешу жолдарын қарастыруға бел буып отыр», - деді компанияның баспасөз қызметкері Ляззат Нәбиева.
Батыс өңіріне қатынайтын ұшақтар 180 орындық. Әрбір 50 жолаушыға 1 бортсерік қызмет көрсететін болғандықтан, сапарға 4 бортсерік шығады.
FlyArystan әуефлотында 7 Airbus A320 ұшағы бар. Олардың орта жасы 6 жас 7 ай. Ал салоны реконфигурациядан өтіп, немістің Recaro Slim орындықтарымен жабдықталған. Бұл екі қатар арасын мейлінше кең қылып, саяхаттаушылардың жайлы отыруын қамтамасыз етеді. Екі ұшақ Атырау қаласының әуежайында мекендеп, батыс өңірдің қалаларын өзара байланыстырады.
Бізді бортта бортсеріктер күтіп алды. Тіпті ұшқыштардың кабинасына өтіп, олармен тілдесудің де сәті түсті.
«Біздегі ұшқыштардың жұмыс тәжірибесі орта есеппен 10 жыл. Сондай-ақ біздер әлемдік үздік тренинг орталықтарында өз саламызға байланысты тағылымдамалардан өтіп, дәріс алып тұрамыз. Қауіпсіздік - FlyArystan әуекомпаниясының басты приоритеті және біздің сапарларымыз әлемдік стандарттарға сай», - деді екінші ұшқыш Ринат Құлмаметов.
Бортсеріктер сапар бойы санитарлық талаптардың сақталып, саяхаттаушылардың барлығы бірдей масканы дұрыс тағып, арақашықтық сақтауын қадағалаумен болды. Біз отырған ұшақ ұшуға дайын. Бортсеріктер бірден қауіпсіздік ережелерімен таныстырды. Жалпы ұшақта авариалық жағдайда шығатын 8 есік бар. Апаттық жағдайда дәліз бойында есіктерді көрсететін шамдар жанады. Бірақ біз іштей барлық сапар бірде-бір апаттық жағдайсыз өтсін деп тілек тіледік. Лайым солай болғай!
Билет құны төмен болғандықтан көрсетілетін қызметтер саны да шектеулі. Мысалы мұнда тағамдарды өзіңіз арнайы меню арқылы сатып аласыз. Мен ыстық шай мен құс етінен жасалған сэндвичке тапсырыс бердім. Барлығын қолма-қол немесе банк картасы арқылы төлеуге болады. Тапсырысым келді. Ұнаған әрі байқаған алғашқы нәрсе – менің тапсырысымды ешқандай пластик ыдыссыз, полиэтилен пакетсіз әкелген. Әлемде «ecofriendly» деген түсінік бар. Яғни қоршаған ортаға зиянды нәрселерді тұтынбайтын компания автоматты түрде экологиямен дос болып шыға келеді. FlyArystan осының қатарында екен. Сэндвичім қағазға оралған, шайдың стаканы қағаздан жасалған. Тіпті қант араластырғыш қасықтың өзі ағаштан. Демек қайтадан өңдеуге келеді деген сөз.
Ұшақ өте жайлы. Борт заманaуи үлгіде жабдықталған. Жарық әрі сәнді. Ал ұшу кезінде өзіңді бұлттар арасында емес теп-тегіс трассада қатты жылдамдықпен келе жатқан көлікте отырғандай сезінесің. Себебі құлағыңа бататын қатты шу да, қорқынышты қимылдар да жоқ. Алдағы сапарыңызды FlyArystan-ның бортында өткізіңіз. Еш өкінбейсіз!
Тойгүл ЖУБАНИСОВА,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН