Маңғыстауда 29 қазандағы жағдайға сәйкес I-II деңгейлі инфекциялық стационарларда 69 адам ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
69 науқастың ішінде 7-де коронавирусқа тапсырған сынама оң нәтиже көрсеткен. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде 8 науқас жатыр. Оның 6-ның жағдайы ауыр, тағы 2 науқас өте ауыр хәлде деп бағалануда. Біреуі тыныс алу аппаратына қосылған. Бұл бөлімге түскендердің нашарлауына жедел тыныс жетіспеушілігі және ілеспе аурулары себеп болып отыр.
Бүгінде аймақтың оқшаулау орындарындағы төсек-орын жүктемесі 33 пайызды құрайды. Облыс көлемінде 215 инфекциялық І-ІІ сатылы төсек орын бар. Сондай-ақ, реанимациялық төсек саны 43.
Анықтамасыз шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарына арналған карантиндік стационарларда барлығы 270 төсек орын бар.