Таяуда Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы Ақтау қаласындағы №8 мектепте «Заманауи білім беру, ұстаздардың мәселелері және олардың шешу тәсілдері» тақырыбында қоғамдық пікірталас өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Ақпарат заманының ағыны білім берудің жаңа жүйесін алып келді. Ол — қашықтан оқыту немесе онлайн білім беру. Алайда бұның да дұрыс және бұрыс жақтары бар. Осы орайда педагогтардың қоғамға тигізіп жатқан үлесі зор. Әрбір елдің негізі — білім беру жүйесі. Білімді ұлт қана өзін биік белестерден көре алады. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуі қажет. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты — бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп — үйрететін орта, оның жүрегі - мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс — оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. К.Ушинский айтқандай, мұғалім тек өз пәнінен сабақ беріп қана қоймауы керек, сонымен қатар тәрбиеші, адал, әділетті, шыншыл адам болуы керек, - деді ҚКХП Маңғыстау филиалының бірінші хатшысы Роза Махамбетова.
Жиында қазіргі пандемия салдарынан қашықтан оқыту жүйесінің мәселесі, мұғалімдердің жалақысы, облыс бойынша білім беру деңгейі туралы, ұстаздардың мәселелері, ведомствалық бағынысты білім беру мекемелердің қызметтері жөнінде, жеке білім беру мекемелеріңнің сапасы талқыланды. Статистикаға жүгінсек, 2010-2018 жылдары мұғалім мамандығын оқитындар артып, 2018 жылдан бері азайған. Дегенмен, басқа өңірлерге қарағанда Маңғыстау облысында мұғалімдер көбірек.
Басқосуда қатысқан Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы С.Төлебаева, «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының жетекшісі Ж.Маханбетова, №8 мектеп директорының орынбасары Д.Жұмағалиева мен мұғалімдер өз пікірлерін ортаға салып, заманауи онлайн білім берудің артықшылықтары мен кемшіліктерін саралады. Онлайн білім беру барысында мұғалім студентке қажет барлық кітаптар мен материалдардың электронды нұсқасын береді. Ал оқушы пәнді игеру барысында қосымша ақпарат іздеп кітапханалар мен кітап дүкендерін аралап уақыт жоғалтпайды. Алайда, психологтар мен социологтардың пікірінше, қашықтан білім алушының оқуға деген ынтасы болмаған жағдайда ондай оқушыға ұстаз көп көмек көрсете алмайды. Онлайн білім берудің тағы бір кемшін тұсын — тәртіп мәселесі. Олардың белсенділігін, тәртібін білім беруші мекеме қадағаламайды. Сондықтан қашықтан білім алушы өзін темірдей тәртіпке үйретіп, берілген материалдарды толығымен игеруге тырысуы қажет. Бүгінгі таңда онлайн білім ұсынатын оқу орындары өте көп. Олардың ішінде шын мәнінде оқуға тұрарлық білім беретіндері де, қашықтан білім беруді жай ғана ақша табудың көзіне айналдырғандары да бар. Сондай мекемелер қатаң қадағалануы тиіс. Білім алғысы келетін адамға ешқандай шекара жоқ. Бұл жаңа ғасыр ұраны. Елдің тірегі білікті мамандар болса, шығар биігіміз де, алар асуымыз да білімге келіп тірелері анық.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА