Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні болып белгіленген. «Отан – отбасынан басталады» демекші, отбасы – әрбір адам үшін жүрегіне жақын, жанына сая болар орта. Мұндай отбасында асқар тау әке, мейірімі мол ана мен жадыраған балаларының бір-біріне деген махаббаты зор, сыйластығы биік.
Жақында ғана шаңырақ көтеріп, отау құрған жастардың бірі – Арман мен Жайна. Олар – қиыны мен қызығы қатар жүрер, халықтың тыныштығы мен тәртібіне қорған болар полиция мамандығының тізгінін ұстаған ерекше жұп. Арман Қайырбаев – 2014 жылдан бері Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы, полиция аға лейтенанты болып қызмет атқарса, Жайна Жаугашарова – 2016 жылдан бері Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің ақпараттандыру және байланыс тобының технигі, полиция аға сержанты болып жұмыс істейді.
Бір мамандықта, бір бөлімде қызметтес болған Арман мен Жайна отау құрмас бұрын қандай мереке, қандай жарыстар болмасын полицейлер атынан бірге қатысып, талай жүлделерді қанжығасына байлаған. Полицейлерін мәртебесін көтеріп, ұжымның үмітін ақтап, талай жеңіс тұғырынан көрінген. Қазір белсенді, үздік қызметкерлер – Арман мен Жайна жұптасып, неке құрып, болашаққа қадамды бірге аттаған отбасы. Өткен жылы олар Отбасы күніне орай облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен бүкіл басқарма, бөлім қызметкерлерінің арасындағы сайысқа қатысып, тапқырлығымен, белсенділігімен, ерекшелігімен көзге түсіп, бірінші орынға ие болды. Бұдан басқа, полиция қызметін атқару барысында басшылық атынан алғыс хаттар мен марапаттар иеленген.
Үйде де, қызметте де бірге жүрген полицейлер отбасы ата-анасымен бірге тұрады. Салмағы ауыр салада еңбек ететін Арман мен Жайна қызмет пен отбасы берекесін қатар ұстап, келешекте мәуелі бәйтеректей жапырағын кеңге жайған үлкен әулетке айналғысы келеді.
«Әке – отбасының тірегі, ана – берекесі. Тәрбие – тал бесіктен» демекші, бейбіт отбасыдан шыққан бала тәрбиелі, білімді де мейірімді болады. Бақытты шаңырақ астында бақытты ұрпақ дүниеге келіп, тәрбиеленеді. Бақытты ұрпақтан құралған ұлт та, қоғам да бақытты болары хақ», – дейді жас полицейлер.
Міне, мұндай тәртібі берік, намысы жоғары отбасының атқарар ісі мығым, бағындырар белесі биік. Осындай шуақты отбасылар еселі еңбегімен қоғамның өркендеуіне зор үлес қосатыны сөзсіз. Жас та болса, бас болған полицейлер отбасына татулық, сыйластық пен махаббат тілейміз
Ханым ҚУАТ