Облыс орталығына жұмыс сапарымен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы Диляра Қайдарова бастаған бір топ мамандар келді. Олар бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) ұйымдарының басшыларымен селекторлық кеңес өткізіп, онкологиялық орталықтың жаңа ғимаратын аралап көрді. Соңдай-ақ БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген онкологтар журналистер сауалдарына жауап берді.
Медицина ғылымдарының докторы, ҚР Бас онкологы Диляра Қайдарованың айтуынша, ҚазОРҒЗИ дәрігерлері үш апта бойы халыққа кеңес беріп, орталық мамандарына көмектесетін болады.
- Орталықтың құрылыс жұмыстарына бастапқыда шамамен 7 миллиард теңге демеушілік қаражат бөлінді, - деді ол. - Жабдықтарды сатып алу үшін қосымша бюджет 10 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінде мұнда екі бөлімше–химиотерапия және паллиативтік көмек бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Ал, сәулелік терапия бөлімшесі жаңа жабдық іске қосқанға дейін ескі ғимаратта қала береді. Заманауи жаңа қондырғыны сатып алу алуға 2,5 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Пандемияға байланысты шетелдік мамандар мұнда келе алмады. Жағдай ретке келіп, мүмкіндік болған кезде олар жабдықты іске қосу үшін осында келеді. Маңғыстаудағы науқастар осы жерде сәулелік терапия сеанстарын ала алатын болады. Кадр мәселесі де өткір болып тұрғаны белгілі. Биыл жыл аяғына дейін бұл жерде біздің институт мамандары жұмыс істейді. Жаңа ғимаратты қарап шықтық, мұндай орталықтың болғаны біз үшін зор мақтаныш.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Мырзақұлов онкологиялық орталықта жұмыс істеу үшін мамандарды оқыту жоспарланып отырғанын және жұмысқа шақырылатын жас дәрігерлерге қолдау көрсетілетінін айтты.
Диляра Қайдарова келтірген мәліметтерге жүгінсек, Маңғыстау өңірі онкологиялық аурумен ауыру жөнінен аймақтар арасында соңғы орынның алдында ғана тұр.
- Балалар арасындағы онкологиялық аурулар бойынша статистика тұрақты, - деді бас онколог. - Жыл сайын 600-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі десек, Маңғыстауда бұл көрсеткіш 16-дан 20-ға дейін. Адамдар карантиндерге байланысты скринингтен өте алмаған кезде онкология белгілерін ертерек анықтау мүмкін болмай, көрсеткіштердің нашарлап кеткені шындық. Сондықтан халықты маммография бойынша тегін скринингтен өтуге, онкоцитологияға жағындыларды тапсыруға, колоректалды обырдан тексерілуге шақырамыз. Маңғыстаулықтар үшін онкологиялық ауруға күмән болған жағдайда тегін компьютерлік және магнитті-резонансты томографиядан өтуге қаржы бөлінді. Нұр-Сұлтан және Алматыда қалаларында диагнозды растау үшін тегін позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) жұмыс істеа тұр. Ядролық медицинаның түсірлім бойынша диагностикалау әдісі ісіктер мен метастаздардың бейнесін алу үшін қолданылады. ПЭТ-тің түсірілім бойынша анықтайтын басқа диагностикалық әдістерден артықшылығы мұның тек тірі ісік тінін көрсететіндігінде. Емдеу курсынан кейін (мысалы, химиотерапия циклынан кейін) магниттік-резонанстық диагностика (МРТ немесе КТ) немесе компьютерлік томография ісік қалдықтарын көрсетеді. Ал ПЭТ нәтижелері бойынша оның құрамында тірі рак клеткалары бар-жоғын немесе оның өлі қалдық тін екенін анық көруге болады. Сондықтан ПЭТ көмегімен емнің тиімділігін бақылауға және аурудың қайталану қаупін бағалауға болады. Сондай-ақ, телепатологияның көмегімен біздің институт мамандары Маңғыстау онкологиялық орталығының мамандары ұсынған патоморфологиялық зерттеулердің деректерін растайды немесе жоққа шығарады. ҚазОРҒЗИ-да жұмыс істеп тұрған +77273496116 нөмірлі call-орталығына қоңырау шалып, онкология саласындағы тегін қызметтер туралы білуге болады.
Келген күні дәрігерлер тобы денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен кездесіп, өңірдің бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының басшыларымен селекторлық кеңес өткізді. Кездесулер барысында онкологиялық қызметтің жеті айдағы жұмысының қорытындылары, проблемалары мен оларды шешу жолдары, облыстың БМСК ұйымдарын 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері талқыланды.
Консультативтік, практикалық және әдістемелік көмек көрсету үшін келген ҚазОРҒЗИ мамандарының бірі—маммолог дәрігер Назгүл Омарбаева. Ол еуропалық онкология мектебінің амбассадоры. Биылғы сәуір айында Н.Омарбаева ТМД және Еуразия елдерінің онкологтары мен радиологтарының XI съезі аясында жас ғалымдар байқауының жеңімпазы атанды. Бұл байқауда отандасымыз «Сүт безі обырының ерте дамуындағы генетикалық мутациялардың рөлі: жаңа ұрпақтың секвенирлеу нәтижелері» баяндамасымен ерекшеленген-ді.
Келесі күні институт мамандары мен оның басшысы обыр ауруын анықтау үшін халықты тегін қабылдап, алғашқы күні онкологтардың көмегіне облыстың 45 тұрғыны жүгінді. Пациенттерге одан әрі емделу жөнінде кеңес берілді. Қабылдауға келгендердің арасында үш адамнан қатерлі ісік ауруына күдік бар екені екендігі анықталды.
Еліміздің бас онкологының айтуынша, жыл соңына дейін Ақтауға институттың басқа да мамандары кезекпен келеді. Сондай-ақ ол мұндай тәжірибе алмасу орталық директоры Нұрлан Жариевтің бастамасы және облыс басшылығының қолдауымен мүмкін болып отырғанын жеткізді.
ҚазОРҒЗИ мамандары облыс тұрғындарын үш апта бойы онкологиялық орталықтың жаңа ғимаратында қабылдайды. Олармен 30-17-86 немесе қабылдау бөлімінің 30-17-63 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА,
Суреттерді түсірген Г.Садырова