Жаңаөзен қаласының «Шаңырақ» ш/а қалалық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жыл сайынғы дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жалғасын тапты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мешіт имамдарының ұйымдастыруымен, қайырымды жандардың демеушілігінің арқасында тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шыққан 30 балаға мектеп сөмкесі мен оқуға қажетті құралдар табыс етілді. Бұдан бөлек әр балаға мектеп формасы сыйға берілді.
«Осы жылы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 30 оқушыға көмек көрсетіп отырмыз. Іс-шара барысында сақтық шаралары толықтай сақталып, мектеп сөмкелері мен оқуға қажетті құрал-жабдықтар таратылды. Сондай-ақ, әр баланың дене өлшеміне сай мектеп формасын сыйға тарттық. Оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, үздік білім алып, жетістікке жетулеріне тілектеспіз», – деді Жаңаөзен қаласының «Шаңырақ» ш/а қалалық мешітінің бас имамы Мырза Мұхаммадюсуфұлы.
Өз кезегінде, аталмыш оқушылардың ата-аналары бас имамға, мешіт ұжымы мен осы қайырымдылық іс-шарасының жүзеге асуына атсалысқан жанашыр азаматтарға алғыстарын білдірді.