Электрондық сауданы дамыту – еліміздің басым бағыттарының бірі. Себебі әлемдегі төртінші өнеркәсіптік революция технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді көздейді. Сонымен қоса электрондық сауданың артықшылығы халықтың уақыты мен қаражатын үнемдеуге көмектеседі, сондай-ақ тұтынушылардың географиясын кеңейтеді.
Осы тұста электронды сауда нарығы Маңғыстау облысында қалай дамуда, зер салып көрсек.
Бүгінгі таңда өңірдегі халық саны 707 мың адамды құрайды. Оның ішінде 582 мыңы, яғни 82 пайызы интернет желісін қолданады. Ресми статистикаға сәйкес облыс тұрғындарының ішінде тауарлар мен қызметтерді онлайн режимде 170 мыңы (24%) сатып алуды және 111 мыңы (15,7%) сатуды жүзеге асырады.
Биылғы жылдың шілде айында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электронды сауданы дамыту мәселесі қаралғаны белгілі. Сонда Үкімет басшысы 2025 жылға қарай, ҚР-дың электронды сауда секторында аралас салаларды ескере отырып, шамамен 300 мыңнан аса жаңа жұмыс орны мен мамандығы ашылатыны болжанып отырғанын жеткізген болатын. Осы ретте, Премьер-Министр Сауда министрлігіне Еңбек министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен және ірі интернет-дүкендермен бірге кәсіпкерлерді онлайн сауданы тиімді жүргізу мақсатында оқыту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді, соның ішінде, осы бағдарламаға жастарды белсенді тартуды тапсырған болатын. Бұл тапсырма негізінде Маңғыстау өңірінің кәсіпкерлері де білімін жетілдіруде. Атап айтсақ, 2020 жылдың жарты жылында «Қазақстан Республикасында электронды сауданы дамыту мәселесі бойынша 2020–2025 жылдарға арналған жол картасы» аясында «Халық пен кәсіпкерлердің электронды саудада цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру» мақсатында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен онлайн режимінде 549 адам базалық сандық дағдылары бойынша оқытылған. Онлайн оқу әлі де жалғасуда.
«Қазіргі уақытта өңірде 18 интернет дүкені тіркелген. Сонымен қатар 4 025 сауда нысандарында қолма қол жасалмайтын төлемді жүзеге асыру мақсатында 5 035 POS-терминалдары, 602 екінші деңгейлі банктердің банкоматтары, сонымен қатар 18 924 онлайн бақылау кассалық машиналары тіркелген. Облыстағы барлық бақылау кассалық машиналар саны – 19 058. Тағы бір айта кетерлігі, 2019 жылы электрондық төлем жүйесі арқылы өткізілген қаражат айналымы бөлшек саудада 381,6 млн.теңгені, ал көтерме саудада 54,3 млн.теңгені құрады», – дейді Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас маманы Еркебұлан Қайроллин.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ә.Қыраубаев «Маңғыстау облысында электронды сауданы дамыту» жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекітіп, құзырлы органдарға арнайы тапсырма берген. Соның аясында электронды сауданың артықшылықтарын түсіндіру мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде (facebook, instagram, whatsapp), адамдар жаппай жиналатын орындарда арнайы бейнероликтер таратылғандығын айтады мамандар. Бұдан басқа, қала және аудан әкімдіктерінің, кәсіпкерлік және сауда басқармасының, мемлекеттік кірістер департаментінің және «Қазпошта» филиалының ресми сайттарында электронды сауданың тиімділігі туралы ақпараттар жарияланған.
Электронды саудада 4 негізгі бағыт бар: электроника, тамақ және азық-түлік, киім, фармацевтика. Барлығы отандық платформаларда жұмыс істеуде. Мысалы: Крыша, Колёса, OLX, Satu және т.б. Осы тұста электронды сауданың артықшылықтарына тоқтала кетсек:
– халық тауарларды төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік алады, мысалы: халықаралық нарыққа шығу арқылы.
– тұтынушының уақыты мен ақшасы үнемделеді, сатып алушының әр түрлі ассортименттегі тауарлар және қызмет түрлерін таңдау мүмкіндігі болады.
– тауарларды үйден шықпай сатып алу мүмкіндігі, бұл сатушы мен сатып алушыға қолайлы.
«COVID–19» пандемиясы елімізде онлайн сауданың айтарлықтай өсуіне алып келді және интернет арқылы сату жүйесін арттырды. Қазіргі таңда елімізде екі мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді. «Қазпошта» АҚ мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың 1 жартыжылдығында электронды сауда нарығының көлемі 9,4 пайызды құраған. Осы жылдың соңына дейін 900 млрд. теңгеге өсім болжануда. Ал Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елдегі қолма қол ақшасыз операциялардың көлемі екі жарым есеге ұлғайып, шамамен 7,5 трлн.теңгені құрады. Ал әлем бойынша электронды саудасы жоғары деңгейде дамыған елдер – Қытай, ЕО елдері, АҚШ, Оңтүстік Корея. Біздің де аты аталған алпа- уыттармен тереземізді теңестірер күн алыс емес. Тек уақыт керек. Сондықтан Үкімет басшысы электронды сауданы дамытудың 2023 жылға дейінгі жол картасын жандандыру міндетін басты назарға алып отыр.
Айгүл ОРЫНБАЕВА