Ардақты ағайын, қадірлі жерлестер!
Әлемдік індет – коронавирустың біздің елімізде де тіркелуіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында отыз күндік төтенше жағдай жариялап, сақтық шараларын күшейтуді тапсырды. Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынып, көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды. Бұның бәрі халықтың денсаулығы, елдің амандығы үшін жасалып отыр.
Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік комиссияның шешімімен наурыздың 19-нан бастап Нұр-Cұлтан мен Алматы қаласы карантиндік аймақ ретінде белгіленді.
«Қамданған қапы қалмайды» деген бар. Осы мақсатта біз де облыс деңгейінде шешім қабылдап, сақтық шараларын күшейту үшін бірқатар ұсыныс әзірледік. Ең әуелі әрбір азамат мамандар айтқан ережелердің талаптарын сақтай отырып, жауапкершілікті сезінуі тиіс. Бұл өте маңызды.
Құрметті маңғыстаулықтар!
Аталған дерттің таралуына жол бермеу үшін Маңғыстау облысы бойынша әкімдік жанынан жедел штаб құрылды. Жағдай үнемі бақылауда.
Дегенмен сақтық шаралары үшін облыс деңгейінде медициналық көмек көрсететін 320 төсек орынға арналған 3 медициналық стационар сонымен қатар қажеттілікке байланысты қосымша орындар дайындалды. Шекара бекеттерінде 7 санитарлық карантиндік пункттеріміз жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 2-уі автөкөлік бекетіндегі «Темір-Баба», «Тәжен», 2-уі Ақтау, Құрық теңіз порттарында, 1-уі әуежайда, 2-уі теміржолы көлігінде «Болашақ» станциясы, «Оазис» Бейнеу станциясында. Онымен қоса көршіліс орналасқан Атырау облысы мен Түрікменстан шекарасынан келетін жолдарға блок посттар қойып, тексеру, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.
Аймақтағы азық-түлікке алаңдауға негіз жоқ. Қазіргі күні облыс аумағында азық-түлік қоры жеткілікті. Ол үшін тұрақтандыру қорына тиісті қаражат бөлінді.
Бұл ретте өңірдің кәсіпкерлерін де мейілінше халықпен бірге болуға және қолдау көрсетуге шақырамын. Өздеріңіз білетіндей президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке арнайы тапсырма беріп, орта және шағын бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсету керектігін тапсырды. Мәселен, белгілі бір мөлшерде салықтан босату, үстемелік төлемді алып тастау секілді бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.
Сондықтан, енгізілген шектеулерді әрбір кәсіпкер түсіністікпен қабылдайды деп сенемін. Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады.
Осындайда мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған отбасыларға қолдан келген көмегін аямауымыз керек. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен партия жобаларының аясында 18 наурыздан бастап «Біз біргеміз! «Нұр Отан» республикалық акциясы бастау алды. Біз де өз тарапымыздан аталған акцияға үлесімізді қосып, Маңғыстау облысындағы барлық мемлекеттік органдар мен өндірістік кәсіпорындар, «Нұр Отан» партиясы филиалы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұжымы еліміздегі коронавирустың таралуына қарсы күреске көмек ретінде бір күндік еңбекақыларын аударуда. Жиналған қаражат індетке қарсы күресіп, атсалысып жүрген медицина мамандарын ынталандыруға және өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етуге жұмсалатын болады.
Ардақты ағайын!
Бабаларымыз кезінде бұданда қиын кезеңді бастан өткерген. Біз де мұндай сәтте сабырлық танытып, жұдырықтай жұмылып, бірге болайық! Төтенше жағдай уақыты аяқталып, әлемдік дерттің қаупі басылғанша үйімізден шықпауға, әркім өз отбасымен бірге болуға шақырамын. Өздеріңізге мәлім мектеп жасындағы балалар мен студенттерді қашықтықтан оқытып, көрсетілетін қызметтің көптеген түрі онлайн режиміне ауысты. Облысымыздағы кітапхана, театр, банк, білім беру және халыққа қызмет көрсету орталықтары сіздерге қолайлы болу үшін интернет арқылы қызмет көрсетуде. Елдегі ахуалға байланысты уақытша демалысқа шыққан ұстаздар мен тағы басқада мекемедегі мамандардың еңбекақысы толық сақталады. Оны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі мәлімдеп, үкіметке тиісті тапсырмасын берді.
Қазір әр аймақта дәстүрімізге сай көрісу, наурыз мейрамының уақыты. Кейбір азаматтардың алдын-ала жоспарлаған отбасылық іс-шаралары, мерекелік жиыны бар екенін білеміз. Алайда, бәрімізге халқымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі қымбат. Сондықтан тәртіпке бағынып, дәстүрге сай өтетін жиындарымызды уақытша тоқтатуымызға тура келеді.
Құрметті жерлестер!
Бұл тек біздің өңірде ғана емес, еліміз бойынша қабылданған ортақ шешім екенін дұрыс түсінуіміз керек. Аталарымыз айтқандай «Жақсылықтың ерте кеші жоқ». Ағайын ауызбіршілікте танытса, алдағы талай қуанышты сәттер де бірге боларымыз анық.
«Сақтансаң - сақтаймын» деген. Ендеше ел ағалары да бұқара-жұртқа осыны жан-жақты түсіндіріп, қолдау көрсетуге шақырамын.