«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының шешімімен Назарбаев Зияткерлік мектептеріне конкурстық іріктеу мерзімі ауыстырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты НЗМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конкурстық іріктеу өткізілетін күн қосымша жарияланбақ. Бұл жөнінде үміткерлерге бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер мен Зияткерлік мектептердің қабылдау комиссиялары арқылы хабарланады.
Конкурстық іріктеу 2020 жылдың 14-15 наурызына жоспарланған. Биыл тестілеуге қатысуға 1150 үміткер өтініш қалдырып, оның ішінде қазақ бөлімінде оқуға 916 үміткер, орыс тілінде білім алуға 234 бала құжат тапсырған.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 11 наурызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялады. Соған байланысты Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясын алдын-алу және таратпау мақсатында Үкімет жанынан құрылған Ведомствоаралық комиссия тарапынан арнайы алдын алу шаралары өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, 13 наурыздан бастап көпшілікке арналған іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.