Республика күні қарсаңында және Мұнайлы ауданының 15 жылдық мерейтойына орай Ақтау-Басқұдық-Маңғыстау бағытына қатынайтын №105 маршрутқа су жаңа 12 автобус берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық көліктерді табыстау шарасына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады. Одан бөлек Мұнайлы ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев пен «Каспий» ӘКК» АҚ басшысы Бекнұр Беисов қатысты.
Ақтау мен Мұнайлы арасында қатынайтын маршрут автобустарын «Каспий» ӘКК» АҚ 7 жыл мерзімге лизинг шартымен сатып алған.
- «Еліміздегі тәуелсіздік алғаннан соң құрылған тұңғыш аудан – Мұнайлы ауданы тұрғындары үшін бүгін үлкен мереке деп есептеймін. Себебі аудан мен Ақтау қаласын жалғап тұрған негізгі әрі жалғыз №105 маршрут автобустары 100% жаңарды. Қоғамдық көліктің бұл моделі әлі Астана, Алматы секілді мегаполистерде де жоқ. Мұндай әрі әсем, әрі заманауи автобустар алғаш болып Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданына беріліп жатыр», - деді «Каспий» ӘКК» АҚ Басқарма Төрағасы Бекнұр Беисов.
Yutong ZK 6116HG маркалы отандық жаңа автобустардың сыйымдылығы 78 орын. Әр автобуста 5 бейнебақылау камерасы, GPS, алғашқы көмек қобдишасы, ауа баптағыштар бар. Қоғамдық көліктегі бейнебақылау камералары тікелей Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Одан бөлек автобуста мүгедектігі бар жандарға арналған орын, онлайн төлем қабылдау терминалдары, телефон қуаттағыш және Wi-Fi бар.
- Бұрын қалаға кішкентай әрі ескі автобустармен қатынайтынбыз. Әсіресе жазда жолаушы көп болғанда қиын болатын. Мына жаңа қоғамдық көлікке қатты қуанып тұрмыз. Кең, барлық жағдайы жасалған екен. Бүгін біз үшін қос мереке болып жатыр. Республика күні құтты болсын, - дейді аудан тұрғыны Гүлнар Тасболатова.