Енді Маңғыстау өңіріндегі мұнайшылардың өмірі, ұлттық компания тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік жобалар мен еңбек дауларына қатысты ақпараттарды “Маңғыстау-Медиа” ЖШС ресурстары кеңінен жарияламақ.
Бүгін “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ Ақтау қаласы өкілдігі мен “Маңғыстау-Медиа” ЖШС ақпараттық сүйемелдеу саласындағы әріптестікті дамыту бойынша өзара келісімге келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Ұлттық мұнай компаниясының Ақтаудағы өкілдігі биыл жазда іске қосылған болатын. Өкілдік ең алдымен жергілікті атқарушы органдармен, компанияның еншілес және мердігерлік ұйымдарының кәсіподақтарымен сан түрлі бағытта бірлесе әрекет етуді көздейді.
-Қызметтік кеңсе іске қосылғалы бері өңір халқының әлеуметтік әл-ауқатын саралау, мұнай газ қорларын ұлғайту, кен орындарын қылпына келтіру бойынша бірқатар жұмыстарды еңсердік. Соңғы жылдары мұнай-газ өнеркәсібі жұмыскерлерінің еңбекақы көлеміндегі сәйкессіздіктер еңбек даулары мен қақтығыстарының туындауына сеп болып отыр. Компанияның корпоративтік стратегиясында әлеуметтік әріптестікті дамыту арқылы кәсіподақ бірлестіктері мен еңбек ұжымдары өкілдерінің арасындағы дауларды реттеуге бағдарланған жобалар аса үлкен маңызға ие. Сондай-ақ іргелі компания алдын-ала бекітілген жылдық жоспарға сәйкес демеушілік және қайырымдылық көмек көрсетуден қол үзбейді. Өңірлік, сондай ақ республикалық ауқымдағы спорттық, мәдени, қоғамдық сипаттағы іс-шараларды өткізуге қаржылай қолдау көрсетеді, -деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ақтау қаласындағы Өкілдігі, әлеуметтік және ақпараттық саясат және сүйемелдеу департаментінің директоры Аманғали Нұрдәулетов.
Бүгінгі екі жақты келісімнің басты мақсаты - жоғарыда атап өткендей, компания жүзеге асыратын әлеуметтік әлеуетті бағдарламалар мен мұнайшылар турасында халықты ақпараттандыруда медиа-серіктестік мүмкіндіктеріне иек арту.
“Біздің медиа- серіктестікке қарасты жаңа форматтағы мерзімді басылымдар, сайт пен әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар халықты өңірдің тыныс-тіршілігімен қанықтырып қана қоймай, көпшілік көкейіндегісін дөп басып келеді. Осы тұста оқырмандарымыздың басым бөлігі мұнай кәсіпшілігінің еңбеккерлері екендігін ескерген жөн. Сондықтан отандық ұлттық компаниямен ақпараттық сүйемелдеу саласында тығыз әріптестік орнату медиа-серіктестік үшін мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтуге жол ашады деген сенімдімін”, -деді “Маңғыстау Медиа” ЖШС директоры Гүлмира Әбішева.