ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» Республикалық конкурсының өңірлік кезеңі 2023 жылғы 15 сәуірде басталған болатын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Құжаттарды қабылдау 2023 жылғы сәуірдің 15-і мен 30-ы аралығында жүргізілді. Байқауға барлығы 42 өтініш түскен. Олардың 38-і кейстік тапсырмаларды орындауға жіберілді.
14 мемлекеттік қызметші «Қазақстан Республикасындағы шағын қалалар мен моноқалалар туралы» тақырыбында эссе және бейнероликтер дайындап, кейстік тапсырманы уақытында орындады.
Конкурс өткізу әдістемесіне сәйкес, құрамына аумақтық департамент пен Мемлекеттік басқару академиясы филиалының басшылығы, қоғамдық бірлестік, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енген Өңірлік комиссия облыс атынан Республикалық кезеңге қатысатын үздік мемлекеттік қызметшілерді анықтау мақсатында құрылымдық сұхбат өткізді.
Комиссия шешімімен Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары болып Маңғыстау облысының индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Талғат Сақтағанов пен Түпқараған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Шолпан Нұрғалиева танылды.