"Шанс" қорындағы 300 ит тұрақсыз қалуы мүмкін. Осыдан 10 жыл бұрын ақтаулық кәсіпкердің қаржыландыруымен еріктілер тобы жараланған және қараусыз қалған иттер үшін баспана салған еді. Ал бүгінде осы жер телімі сатылымға шығарылған. Осы мәселені айтып, эко-қорғаушылар әкімдікке өтініш жасауда. Дегенмен мәселе шешімін табар емес, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
10 жыл бұрын еріктілер бір уақытта 16 күшік тауып, оларды орналастыру туралы хабарлама таратқан. Сол сәтте ақтаулық кәсіпкерлердің бірі көмектескен еді. Жер телімін беріп, құрылыс материалдарымен тегін қамтамасыз еткен кәсіпкердің арқасында иттерді емдеп, оларға тұрақ жасағанбыз,- дейді еріктілер.
- 10 жыл бұрын бізге балалар 16 күшік тауып, оларды бір жерге жинағаныны туралы хабарлама келген еді. Шақырған жерге барып, иттердің жай-күйін, олардың тұрағын көріп шошығанбыз. Сондықтан оларды орналастыратын жаңа жер іздедік. Сол сәтте бос жер телімін ұсынған бір кісі болды. Кәсіпкер өзінің құрылыс материалдарын пайдалануға да рұқсат берді. Бірінші күннен-ақ бізге көмек көрсетті. Қолдау көрсеткені үшін көп рахмет! Кейін сенбілік ұйымдастырдық. Оған қатысқандар көп болды, келушілер қолдарынан келгенше құрылыс жабдықтарымен, ақшалай, қол еңбегімен көмектесті. Сөйтіп біз өз қолымызбен иттерге арналған тұрақ жасадық. Сол 10 жыл ішінде апаттан немесе адамдардың қатігездігінен зардап шегіп, көшеге тасталған 300 итті орналастырдық. Кейбіреулеріне жаңа қожайын да табылды, кейбірі алған жарақатынан қайтыс болды», - дейді «Шанс» қорының директоры және негізін қалаушы Ирина Болатова.
Қор 10 жыл ішінде жүздеген ит емдеп, зарарсыздандырды. Ал мұның барлығы еріктілер мен тұрғындардың қаражатына жасалған. Өкінішке қарай, биылғы жылдың сәуір айында қор өкілдеріне жер телімінің сатылымға шығарылуына байланысты жаңа жер іздеу керектігі хабарлаған. Сол сәттен бастар экоқорғаушылар мәселенің шешімін іздеуде, тіпті қалалық әкімдікке де хабарласқан.
«Тым болмаса уақытша баспана табуға көмектесулері үшін қалалық әкімдікке жүгіндік. 300 итті далада қалдыру мүмкін емес. Уақытша тұрақта қоршалған аумақ, электр және су, қоршаулар болуы керек. Тым болмаса 80 қоршау(вольер) тауып беруін сұрағанбыз. Әкімдік мұндай мөлшерде қоршау бере алмайтындарын, тек жартысын ғана беру мүмкін екенін айтты. Олар «Қала жолдары» мекемесінің жанындағы жер телімін ұсынып, 50-ге жуық қоршау жасап берді. Бірақ қоршаулардың сапасы – нашар. Біз үшін иттердің қауіпсіздігі маңызды, олар бір қоршаудан екіншісіне көше алатындай болмауы қажет. Оның үстіне бұл аумақта су жоқ, жарықпен де толық қамтылмаған. Суға арналған резервуарлардың орнатылуын күтіп жүргенімізде қыркүйекте ит аулауға тендер өтті. Ал бұл учаске конкурста жеңімпаз атанған кәсіпкерге берілді. Әкімдіктегілер біз бұл жерден бас тартты деп жатыр, шынында олай емес», - деп бөлісті Ирина Вячеславовна.
Жақында экоқорғаушылар Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті. Облыс басшысы жаңа тұрақ табуға көмектесуге уәде берген.
– Нұрлан Асқарұлы өтінішімізге құлақ түрді. Иттердің қазіргі орналасқан аумағын бірігіп араладық. Қазіргі орналасқан жер телімі тар болғандықтан көп итті қамту мүмкін емес. Облыс әкімі көмек беруге уәде берді,- дейді қор басшысы.
Қазіргі нарықта жануарларға арналған тұрақ учаскесінің құны қазір шамамен 45 миллион теңге. Дегенмен мұндай қаражат еріктілерде жоқ. Сондықтан жер сатып алу үшін қаражат жинауға хабарлама жарияланған.
– Қазір жер телімін сатып алуға ақша жинап жатырмыз. 45 миллион деп қатып қалған сома жоқ, арзан бағада жер табамыз деп үміттенеміз. Қаражаттың қандай да бір бөлігін қарызға алмақпыз. Қазірдің өзінде қоршауы бар учаскені сатып алған жөн, өйткені оны салуға уақыт жоқ. Біз жерй сатып алып, иттерге тұрақ сала аламыз деп үміттенеміз. Қазір қалада агрессивті иттер жоқ. Көшедегі иттерді көбінесе иелері тастап кеткен. Сондықтан оларды қумауыңызды сұраймын», — дейді Ирина Болатова.