Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттығына бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша кандидат Валерий Смоквин мен облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Жанғали Ілияс «Көкшетау минералды сулары» АҚ еңбек ұжымымен кездесті.
Іс-шара барысында кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндады. Оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған ұсыныстар сайлаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
«Тұрғындар «парамен ұсталды» деген ақпаратқа селк етпейтін болды. Жемқорларды құрықтайды деген қызметкерлердің өздері кейде парамен ұсталып жатады. Жемқорлықпен күрес іс-шаралары жүйелі жалғасып жатыр деп ұрандатқанымен, көлеңкелі қылмысқа жол берушілердің саны азаймай тұр. Соның ішінде, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген азаматтардың қызметтік өкiлеттiктерін теріс және заңсыз пайдалану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, кедергі жасау, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық, жеке және заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беру сынды сыбайлас жемқорлық деректері де ел аумағында әлі белең алып отыр. Мемлекет бюджетін мақсатсыз пайдалану, қызмет бабын жеке бас пайдасына жарату, жұмысқа қабылдау барысында белгілі бір қаражат мөлшерін талап ету, тексеріс мекемелерінің келуіне орай қаржы жинау секілді сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де қазір қоғамда жиі ұшырады. Ең алдымен, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Құқық қорғау органдары батыл әрекет етпей, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады», деді Валерий Смоквин.