Премьер-Министр оқу жылы басталғанға дейін 52 жаңа мектеп ашу жоспарланып отырғанын атап өтті, жаңа білім ордасын мыңдаған оқушы асыға күтіп жүр. Сонымен қатар жаңадан салынып жатқан 15 мектеп уақытылы ашылмай қалуы мүмкін, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Үкіметінің баспасөз қыметіне сілтеме жасап.
- Мұндай объектілердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, 180 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, дегенмен мұнда да жұмыстардың уақытында аяқталмай қалу қаупі бар.
Сонымен қатар Үкімет басшысының айтуынша, 54 мектеп ғимаратынан жылыту қазандықтары әлі күнге дейін шығарылмаған. Мектептерді жаңғырту мәселесі бойынша да сұрақтар бар.
- 948 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілді деп саналады, алайда тек 290 мектеп заманауи робототехника, химия, биология және физика кабинеттерімен жабдықталған. Бірақ бұл жеткіліксіз. Өңірлер әкімдіктері Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, барлық мектепте заманауи пән кабинеттерін ашу үшін кешенді жаңғырту жұмыстарын жүргізуі керек. Жұмысты есеп беру үшін ғана жүргізуге болмайды, — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, білім беру объектілерінің қауіпсіздігіне де немқұрайлы қарауға жол бермеу керек.
- Білім беру объектілерінің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Мектептердің 30%-дан астамы әлі күнге дейін полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Осы ретте жұмысты белсенді жүргізу қажет, - деді Үкімет басшысы.
Оған қоса Үкімет басшысы көмекке мұқтаж балаларды 100% мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуді тапсырды.
- Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен көшпелі автодүкендерді ұйымдастыру қажет. Әкімдіктер, Оқу-ағарту, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен “Атамекен” палатасы оқу құралдары мен мектеп формасының қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауы тиіс, — деді Премьер-Министр.