
© фото egemen.kz
Биылғы жаңа оқу жылында еліміздің мектептерінде 3,9 миллион оқушы білім алмақ. Сонымен бірге, 364 мың бала бірінші сыныпқа барады. Олардың 68,2 пайызы мемлекеттік тілді таңдаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгінде еліміз бойынша 7,7 мың орта білім беру ұйымы жұмыс істейді екен. Мектептерде сапалы дайындық пен оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру, сынып-кешендерін қалыптастыру қолға алынып отыр. Бірінші сыныпқа қабылданатын оқушылар Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында көп екені ерекше байқалады. Сондай-ақ, балалардың мемлекеттік тілде білім алуы бойынша Шымкент қаласы, Түркістан және Алматы облыстары көш бастап тұр.
Маңғыстау облысында 1 қыркүйекте барлығы 19 820 оқушы мектепке баратын болса, оның 17 439-ы мемлекеттік тілді таңдаған. Оның ішінде Ақтау қаласы бойынша 5317 оқушы (74,8 пайыз), Жаңаөзенде 3468 (89,6 пайыз), Бейнеу ауданында 1873 (96,5 пайыз), Мұнайлыда 3827 (98,3 пайыз), Түпқараған ауданында 929 (93,5 пайыз) балақай мемлектеттік тілде білім алуды көздеп отыр. Ал Маңғыстау және Қарақия аудандарында мектеп табалдырығын алғаш рет атталғалы отырған жеткіншектерінің барлығы қазақ сыныбына бармақ.
Айта кететін бір жайт, 2021 жылы еліміз бойынша балалардың 64 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған көрінеді.