© Фото Polet.me
«Air Astana» әуекомпаниясы әуе кемелерін жолаушыларға алдын ала тиісті хабарламасыз «Fly Arystan» әуе кемесіне ауыстыру жағдайы көбейген. Осыған байланысты Көлік вице-министрі Талғат Ластаев «Air Astana» АҚ-мен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бұған дейін «Air Astana» әуе компаниясы 31 588 рейс орындаған. Оның ішінде 226 рейсте «Air Astana» әуекомпаниясының әуе кемелері «Fly Arystan» әуе көлігіне ауыстырылды, бұл орындалған рейстердің жалпы санының 0,7%-ы.
Кеңес нәтижесінде «Air Astana» әуекомпаниясына мынадай тапсырма берілді:
1) «Air Astana» әуе кемелерін «Fly Arystan» әуе кемелеріне ауыстыру практикасын барынша азайту жөнінде шаралар қабылдасын;
2) әуе кемелерін ауыстырған жағдайда жолаушыларды алдын ала хабардар ету бойынша жұмысты орнату және қамтамасыз ету;
3) әуе кемені ауыстырған жағдайда жолаушыларға өтемақы төлеу тәртібі бойынша ұсыныстар әзірлеу;
4) «Air Astana» резервтік әуе кемелерінің санын 1-ден 2-ге дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау.
«Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі өз кезегінде рейс мәртебесі өзгерген кезде жолаушылар құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу бойынша жұмысты жалғастырады және бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шаралар қабылдайды», - делінген ҚР Көлік министрлігі таратқан хабарламада.