Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтар съезінде елімізде 5000 педагог жетіспейтіні туралы айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді",- деді Президент.
Мемлекет Басшысының айтуынша, педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар.
- Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет,- деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары курс студенттерінің педагогикалық тәжірибесіне айрықша мән берілетінін айтты. Болашақ мұғалімдер нақты білім беру үдерісіне барынша терең бойлау үшін жоғары оқу орындары мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет.
Сондай-ақ жыл сайын елімізде магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педагогтердің қатары артуда. Қазіргі таңда олардың саны 21 мыңнан асқан. Олар – білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандар. Жаңа типтегі білім беру ұйымдарының болашақ басшыларының негізгі құрамы осындай мамандардан жасақталады.
- Жалпы педагогтердің біліктілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет. Сонымен қатар салалық министрлік біліктілік талаптарын жиі өзгерту арқылы оқытушыларға қысым жасауды тоқтатуы керек екенін айтқым келеді. Ойына не келсе, соны істейтін шенеуніктердің жүгенсіздігіне тосқауыл қою қажет. Мұғалімдер тыныш, тұрақты және алаңсыз жұмыс істеуге құқылы,- деді Мемлекет Басшысы.
Президент педагог кадрлардың 60 пайызға жуығы өңірлік жоғары оқу орындарында даярланатанын айтты. Сондықтан өңірлер деңгейінде жас мұғалімдерді қолдаудың маңызы зор.
- Әкімдер педагогтерді даярлау және жұмысқа орналастыру үшін қолайлы жағдай жасауы керек,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.