«Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін пилоттық режимде енгізудің арқасында биылдың 1 қыркүйегінен бастап 36 мың адамға мемлекеттік қызметтер белсенді көрсетілуі үшін SMS жолданды, деп хабарлады mangystaumedia.kz еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 7 мыңнан астам адам пайдаланды.
Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда жүктілікке және босануға қатысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, бала күтіміне орай табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек қамтылған, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде.
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға рұқсат белгіленген кезде жәрдемақы алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақыны немесе төлемді бекіту автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.
Отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті форматтағы мемлекеттік қолдау 7 мыңнан астам азаматқа жасалды. Атап айтқанда, Отбасының цифрлық картасы – бұл түрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе. Қазіргіи кезде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Отбасының цифрлық картасында Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған, - деп аталып өткен ведомство хабарламасында.
Жобаны іске асыру кезеңдері:
- осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алуға мүмкіндік берілді;
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тізім әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады;
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады;
- 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.