© Arnapress.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы Болат Жәмішев ел өңірлерінде мүгедектігі бар балаларға арналған техникалық оңалту құралдары парктерін ашу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда 104,3 мың мүгедектігі бар бала тұрады. Оның ішінде 7 жасқа дейінгі 33,7 мың бала, бірінші топтағы мүгедектігі бар 11,1 мың бала және 7 жастан 18 жасқа дейінгі екінші топтағы мүгедектігі бар 22,7 мың бала бар. Бұл балаларға 27 медициналық-әлеуметтік мекемеде оңалту қызметтері ұсынылады. ОТҚ парктерін құру оңалту құралдарының заманауи, қымбат түрлеріне қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді», деп атап өтті министр.
Өз кезегінде Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қоры ОТҚ парктерін жарақтандыру үшін қаржылай қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Талқылау нәтижесінде тараптар 2023 жылы аталған парктерді құру бойынша қанатқақты жобаны іске асыру қажеттігі туралы шешім қабылдады. Жобаны пысықтау үшін бірлескен жұмыс тобы құрылып, тиісті ведомство егжей-тегжейлі жол картасы мен қажетті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлейді. Жақын арада қанатқақты жобаның операторын анықтау және қолайлы алаңдар құрылатын өңірлерді нақтылау жоспарланып отыр. Аталған жоба аясында ОТҚ қажеттіліктерін бағалау және дұрыс іріктеуді жүргізу бойынша жұмыс істейтін мамандарды қазіргі заманғы халықаралық қағидаттармен оқыту ұйымдастырылады.