Мұндай тапсырма Үкімет отырысында алдағы жылу маусымына дайындық мәселелері бойынша айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылыту маусымында апаттардың саны айтарлықтай өсті – тіпті ірі қалалардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан орташа температураны төмендетіп беруге тура келді. Негізгі жабдықтардың тозуына байланысты басқа да инфрақұрылымдық ақаулар орын алды.
Жалпы, Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұған дейін жабдықтардың техникалық жай-күйіне уақытылы, кешенді және объективті бағалау жүргізілген жоқ. Одан бөлек жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен.
«Уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқаулықтары тек қана ұсыныс деңгейінде болды, меншік иелерін оларды толықтай орындауға міндеттемейді. Сондықтан қордаланып қалған мұндай проблемалар өте көп. Олардың басым бөлігі жылу желілерінің тозуына қатысты», — деді Үкімет басшысы.
Осыған байланысты биыл Үкімет энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтіп, оларға жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді. Энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетін болады.
«Үкімет пен әкімдіктер және меншік иелері тиісті энергетикалық инфрақұрылымды жөндеу және реконструкциялау жобаларын қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етеді. Өңірлерден келіп түскен өтінімдер негізінде желілерді ауыстыру бойынша құны 69 млрд теңгені құрайтын 47 жобадан тұратын пул жасақталды. Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізудің маңызы өте зор», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр 2 мың шақырым жылу желілері жеке меншікте екенін айтты. Олардың тозу деңгейі шамамен 77%-ды құрап отыр. Осыған байланысты осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек.