Елордалық департаменттің мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Кешеден бері мұнай сервистік компанияның бір топ жұмысшылары елордада рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды.
Еліміздің заңнамасына сәйкес, бұқаралық іс-шаралар жергілікті атқарушы органдарды алдын ала хабардар ете отырып және арнайы бөлінген орындарда халықтың тыныс-тіршілігіне кедергі келтірмей өткізілуі тиіс.
Наразылық білдірушілердің «Бейбіт жиындар туралы» заңды бұзуына, митингі өткізу туралы өтінішінің болмауына, сондай-ақ рұқсат етілмеген жерде митингі өткізуіне байланысты Жергілікті мәслихаттың қаулысына сәйкес, митингті ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушылардың бірқатары полицияға жеткізілді.
Тәртіп бұзушылар Қазақстан Республикасының ӘҚбТ заңының 488 және 667 баптары бойынша ескерту алуға немесе отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатын әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Олардың әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі” делінген мәлімдемеде.