© Akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Президент отбасы институтының маңыздылығын атап өтті.
«Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады», - деді Мемлекет басшысы.
Ол отбасының амандығы бірінші кезекте тұрғанын атап өтті.
«Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді.
Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.