Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі сақтандыру компанияларының жол-көлік оқиғалары туралы ақпарат алу тәртібін жеңілдетті. Бұдан былай сақтандыру компаниялары жол-көлік оқиғалары туралы материалдарды онлайн түрде көре алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
- Ішкі істер министрлігі Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен және «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ-мен бірлесіп, сақтандыру төлемдері үшін сақтандыру компанияларына жол-көлік оқиғалары туралы материалдарды онлайн режимінде беруді жүзеге асырды. Жыл сайын жүз мыңдаған азамат жол-көлік оқиғасы туралы материалдардың көшірмелерін алу үшін алдымен полицияға хабарласып, содан кейін сақтандыру компанияларына құжаттарын тапсырады. Бұл өз кезегінде көп уақытты алады. Қазір бұл процесс полиция, прокуратура және сақтандыру компанияларының деректер базасын біріктірудің арқасында автоматтандырылған,- деді брифингте Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Яғни, жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда полиция қызметкері жасаған хаттама бірден базаға түсіп, тексерістен өтеді.
Содан кейін ол автоматты түрде сотқа және сақтандыру компаниясына беріледі. Азаматқа келтірілген залалды бағалау үшін сақтандыру компаниясына хабарласып, сотқа шақыру SMS хабарламасын күту жеткілікті.