Мәжілістің жалпы отырысына құқық қорғау органдарының басшылары қаңтардағы қайғылы оқиғаның тергеу барысын айтып, тәркіленген қаруларды көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу барысында 4 мыңға жуық қару тәркілегені айтылды.
Ішкі істер министрлігі тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов 111 тәртіп сақшысы пышақ жарақатын алғанын айтты.
77 қызметкердің сүйектері сынса, 58 қызметкер ауыр жарақат алған. Екеуі Түркияда ұзақ уақыттан бері емделіп жатыр, Алматы гарнизоны қызметкерлерінің бірі ашық бассүйек-ми жарақаты түріндегі ауыр жарақат алған.
Санжар Әділовтің айтуынша, 1900-ге жуық қызметтік және азаматтық қару әлі табылмаған. Осы іс бойынша полиция қызметкерлері белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.