10 сәуірде елімізде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды қайтарып алу бойынша акциясы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ведомствоға сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қаруды өз еркімен тапсырғаны үшін республикалық бюджеттен әрбір қару үшін 34 мыңнан 345 мың теңгеге дейін төлем қарастырылған. Мәміле сомасы қарудың техникалық жағдайына және т.б. байланысты. Тіркелмеген атыс қаруын өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Қару-жарақ жергілікті полиция бөлімінде қабылданады.
«Жарақаттардың алдын алу үшін табылған жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілермен ешқандай әрекет жасамаңыз, оларды тасымалдауға тырыспаңыз, бұл туралы кез келген полиция бөлімшесіне, соның ішінде 102 немесе 112 телефондары арқылы хабарлаңыз», - делінген министрліктің хабарламасында. .
Айта кетейік, олар сатып алғаннан кейін ішкі істер бөлімдерінде тіркеуде тұрған, сондай-ақ «жоғалған» және «ұрланған» санаттары бойынша қылмыстық есепте тұрған қарулар үшін төлем жасамайды. Қаруларды сатып алуға барлығы 88 млн теңге жұмсалмақ.