Сұйытылған мұнай газының арзандағанынан қазақстандық өндірушілер шығынға батып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы сұйытылған газ өндірушілердің өздері де айтып отыр. Компаниялардың сөзінше, жанармайдың құны газды өндіруге және жабдықты жаңартуға жұмсалатын қаражатын ақтамайды.
Белгіленген шекті көтерме баға тоннасына ҚҚС-сыз 40 320 теңге болғанда, газды өндіру құны тоннасына 50 000-72 000 теңгені құрайды. Бұл елдегі жанармай құю бекеттеріндегі төмен бөлшек сауда бағасын ұстауға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде Қазақстанда сұйытылған газды тұтыну негізінен автокөлік жүргізушілерінің есебінен өсіп, ал өндіріс көлемі төмендеп жатыр.
Мәселен, «Қазгермұнай» БК» ЖШС басшылығы ҚР Энергетика министрлігінің белгілеген бағасы өнімнің өзіндік құнынан төмен екенін, шығындарды өтемейтінін мәлімдеді. Кәсіпорын Ақшабұлақ, Нұралы, Ақсай кен орындарындағы ілеспе мұнай газын және Оңтүстік Ақсай кенішінен шығатын табиғи газды өңдеп, Қызылорда облысының тұрғындарын сұйытылған газбен қамтамасыз етеді. «Қазгермұнай» жылына 60 мың тоннаға жуық сұйытылған газ өндіріп отыр.
«Бүгінде сұйытылған мұнай газын өндіру құны Министрлік бекіткен шекті бағадан да асып түседі. Бұл ретте қондырғының пайдалану мерзімін ескере отырып және үздіксіз өндірістік процесті қамтамасыз ету үшін үнемі жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу, жабдықты жаңарту, тозған бөлшектерді ауыстыру және т.б. қажет, – дейді «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Махамбет Елеусінов.
Инвестиция салуға мүмкіндігі бар жер қойнауын пайдаланушылар сұйытылған мұнай газын өндіруге қызығушылық танытпай отыр. Дегенмен кейбір компания шикізатты өндіретін өңірлер алдындағы әлеуметтік міндеттеме ретінде ғана орындап отыр.
Қазіргі уақытта сұйытылған газ өндіретін кәсіпорындар Энергетика министрлігімен бірге сұйытылған газдың өндіріс құнын өтей алатындай баға белгілеу мәселесін талқылап жатыр.
«Нақты айтқанда, бүгінгі нарықта компаниялардың сұйытылған газды өндіруге кеткен шығындары өтелмейтін жағдай қалыптасты. Сұйытылған мұнай газын өндіру рентабельсіз болғандықтан сала шығынға ұшырап отыр, жүйелі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салу қиынға соғып тұр. Жаңғырту мен жоспарлы жөндеуге қаражаты жеткіліксіз өндіріс орындары апатты жағдайда тоқтап қалуы жиілеп, елді сұйытылған газбен қажетті мөлшерде қамтамасыз ету қиынға соғып тұр», - деп атап өтті ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі департаментінің директоры Бақытжан Таубаев.