Ірі отандық емханаларда жасанды жолмен ұрықтандырудың бастапқы стандартты хаттамасының орташа құны 450 мыңнан 500 мың теңгеге дейін құрайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Еnergyprom.kz сілтеме жасап.
Ал ұрықты криоконсервациялау және еріту, ер адамның бедеулік факторы анықталған жағдайда ICSI (ICSI — Intra Cytoplasmic Sperm Injection, интрацитоплазмалық сперматозоидты инъекция) әдісімен ұрықтандыру сияқты медициналық қызметтерге қосымша қаражат қажет. Бұл қызметтің құны 400-500 мың теңгені құрайды. Дәрі-дәрмектерге біршама қаржы жұмсалады. Алматы репродуктивті медицина институты дәрігерлерінің алдын ала есептеулері бойынша хаттамадағы әйелдерге арналған медициналық препараттарға қосымша 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жұмсалуы мүмкін.
Гормондарды ынталандыру мен дәрі-дәрмектер мөлшері диагнозға байланысты. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар өз қаражаты есебінен талдауларды тапсыруы керек. Бұған 150 мың теңге көлемінде қосымша қаржы жұмсалады. Осылайша, ЭКО қызметіне жүгінер алды науқаста 1,65 млн теңге көлемінде қаражат болуы тиіс.