Елде 2,1 миллионнан астам адам жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және тұмаумен ауырғаны тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Вячеслав Дудник Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялар және тұмаумен ауырғандардың маусымдық күрт өсуі байқалып отырғанын тілге тиек етті. Айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мұндай жағдай эпидемия болып саналады.
"Эпидемия басталғаннан бері, яғни 1 қазаннан бері санитарлық қызметтің мәліметінше, 2 миллион 100 мыңнан астам жіті респираторлық вирустық инфекция тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 1 миллион 370 мың бала бар. Біз қоздырғышқа зерттеу жүргіздік. "В" тобының вирусы барлық облыста байқалды. Профилактикалық мақсатта елге тұмауға қарсы 2 миллион 280 мыңнан астам доза вакцина жеткізілді. Қазірдің өзінде 2,5 миллион адам немесе ел халқының 12%-ы екпе алған", - деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Вячеслав Дудник.
Айта кетейік, 21 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елде шошқа тұмауының таралып жатқанын мәлімдеді.