Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтіп, Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындау туралы Ақтоты Райымқұлованың кандидатурасымен келісті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес Комитет отырысында қаралды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша кандидатты Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы Ғалымжан Қойшыбаев таныстырды. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері А.Райымқұловаға бірқатар сұрақтар қойды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитеті отырысының қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ұсынған Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлованың кандидатурасы Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындау үшін ұсынылды. Отырыс соңында депутаттар кандидатқа алдағы жұмысында табыс тіледі.