Қазақстанда Бала құқықтары жөніндегі жаңа уәкіл тағайындалды. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайтында жарияланды.
"Мемлекет басшысының Өкімімен Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаева Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды", - деп хабарлайды Ақорда сайты.
Сонымен қатар, осы кезге дейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келген Зағипа Балиева Мемлекет басшысының Өкімімен қызметінен босатылды.
Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаева 1960 жылдың 22 мамырында Торғай облысы Жақсы кентінде дүниеге келген. 1979-1983 жылдары Свердлов заңтану университетінің «құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түсті. Бұған дейін ҚСжАО (Д) бастығының орынбасары ҚР Бас прокуратурасының жанындағы ҚСжАО (Д) статистиканы қалыптастыру басқармасының бастығы, ҚР Бас прокуратурасының жанындағы ҚСжАО (Д) бастығының орынбасары, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, комитет төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Мемлекет басшысының 2012 жылдың сәуіріндегі Өкімімен ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы болып тағайындалған.