Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі несие беруге қатысты заңнамаға енген түзетулерді түсіндірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
12 шілдеде Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Онда қаржы ұйымдарының өз клиенттерінің кредиттік тарихын ұсыну мерзімдері бойынша өзгерістер бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі түсіндіргендей, жаңа түзетулер жаңа қарыздар алу бойынша табысы төмен қаржы ұйымдарының кредиттелген клиенттері үшін саңылауды жояды.
Қазір барлық кредиттер бойынша жиынтық төлемдердің сомасы борыштық жүктеме коэффициентінен аспауы тиіс. Яғни, несиелер бойынша төлемдер кірістердің жалпы сомасының 50 пайызынан аспауы керек. Мысалы, жалақысы 200 мың теңге болатын адам жалпы төлем сомасы 100 мың теңгеден жоғары кредиттер ала алмайды. Егер табыс сомасы аз болса, сондай-ақ әлеуетті қарыз алушының қамқорлығында кәмелетке толмаған балалар болса, онда кредиттер бойынша төлемдердің жалпы сомасының қалдығы ең төменгі күнкөріс сомасынан (шамамен 37 389 теңге) және әрбір балаға ең төменгі күнкөріс деңгейінен 0,5 (18 мың теңге) кем болмауы тиіс.
Алайда, заң кірісі 50 пайыздан асатын адамдар үшін жаңа несие алуға кедергі болмайды.
— Бұрын қаржы ұйымдары, банктер және микроқаржы ұйымдары несие бюросына 15 күн ішінде несие туралы ақпарат беруі керек еді. Осылайша, табысы жеткіліксіз азамат, мысалы, микроқаржы ұйымынан немесе интернеттен бір қарыз ала алады, ал несие бюросындағы ақпарат жаңартылғанша, оған банктен несие де берілуі мүмкін. Нәтижесінде оның кредиттерінің жалпы сомасы борыштық жүктеме коэффициентінен асып түсті. Мұның бәрі осындай азаматтардың қарыз жүктемесін көбейтті, сонымен қатар олардан кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар алынды. Енді жаңа заң бойынша барлық қаржы ұйымдары, тіпті ломбардтар немесе онлайн-МҚҰ да бір жұмыс күні ішінде ақпарат беруге міндетті. Сондықтан қарыз алушыларға табысының 50 пайызынан жоғары төлемдермен бірнеше кредит алу қиынға соғады, - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сыртқы коммуникациялар басқармасының өкілі Дмитрий Акмаев.
Көптеген банктер бұрын-соңды клиенттердің несиелік тарихы туралы жедел ақпарат берген. Алайда, көптеген микроқаржылық құрылымдар мен ломбардтар бұған немқұрайды қарады. Сондықтан шамадан тыс несие алуға болатын жағдай туындады. Қазір олардың барлығы бір күн ішінде несие алған клиент туралы негізгі ақпаратты - оның аты-жөнін, қарыз сомасын, өтеу мерзімін және басқаларын несие бюросына тапсыруы керек. Бірыңғай дерекқордың көмегімен кез келген қаржы ұйымынан келесі қарызды алған кезде клиенттің өзінің кредиттік лимитіне қол жеткізгенін бірден біле алады және бұл жағдайда одан бас тарта алады.