Бүгін, 4 маусым күні республикалық референдумға қатысты үгіт жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Яғни, тыныштық күні басталды, -деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңның 7-бабы 4-тармағына сәйкес референдум қарсаңындағы күн мен референдум өтетін күні кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады. Демек, 4 және 5 маусымда бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернетте референдум бойынша үгіт жүргізуге болмайды", - делінген хабарламада.
ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаевтың айтуынша, үгітке тыйым салынған кезеңде бұл іс-шаралар жүргізілген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 102-бабы бойынша жауапкершілік ескерілген.
«Сонымен қатар екі немесе одан да көп рет және басқа біреу үшін дауыс беру, сондай-ақ учаскелік референдум комиссиясы мүшесінің азаматтарға өзге адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік жасау мақсатында бюллетеньдерді беру әрекеті ӘҚБтК-нің 108 және 110-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғатынына да назар аударамыз», - дейді Бас прокурордың орынбасары.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Бас прокуратура заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында азаматтарды, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдерін қолданыстағы заңнаманы мүлтіксіз сақтауға шақырады.
«Жоғарыда аталған заң талаптарын бұзу фактілері анықталған кезде, дереу прокуратура органдарына хабарлауыңызды сұраймыз», - деп қорытындылады Бас прокуратура.