Техникалық ақауларға байланысты ұстаздардың біліктілік тесті уақытша тоқтайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.
Ұлттық тестілеу орталығының айтуынша, техникалық ақауларды тестілеу уақытын кейінге ауыстырмай реттеуге тырысқан. Алайда жағдайды жөнге келтіру үшін осындай шешім қабылдауға тура келіпті.
"Осыған байланысты 25 сәуір мен 3 мамыр аралығында өтетін барлық іс-шараларды, оның ішінде білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингін, білім беру ұйымдарын бағалау өлшем шарттарын және педагогтерге арналған Ұлттық біліктілік тестін кейінгі мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдауға тура келді", - делінген ҰБТ баспасөз қызметінің ақпаратында.
Ұлттық біліктілік тестінің басталар уақыты туралы нақты мәлімет келесі аптада жарияланады. Ал техникалық ақауларға байланысты аттестацияны аяқтай алмай қалған мұғалімдердің жауаптары сақталып, әрі қарай тестті жалғастыруға мүмкіндік беріледі.