13 қаңтар күні «WhatsApp» месенджері арқылы «Халық банк» 98 жылдығына қомақты қаражат үлестіріп жатыр деген хабарлама таратылды. Хабарламада банктің сауалнама қағазын толтырса 50 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі делінген.
«Halyk Bank» баспасөз хатшысы Досбол Арыстанбектің айтуынша, аталған ақпарат шындыққа жанаспайды.
- Қазіргі уақытта алаяқтар әлеуметтік желі және «WhatsApp» месенджері желісінде банктің атынан жалған ақпарат таратып көптеген ел тұрғындарын сан соқтыруда. Соның бірі банктің 98 жылдығына байланысты сауалнама толтырсаңыз шотыңызға 50 мың теңге көлеміндегі сыйақыға түседі деген хабарлама. Аталған ақпарат шындыққа жанаспайды. Барша ел тұрғындарын алаяқтардың құрығына түсіп қалмауға шақырамыз. Яғни сауалнама толтырып, өзіңіздің жеке деректеріңізді енгізбеңіз. Есіңізде болсын: банк картасының 16 таңбалы нөмірін, картаның бетінде орналасқан оның қолданылу мерзімін және картаның артқы жағындағы 3 таңбалы CVV/CVC кодын ешкімге айтпаңыз және көрсетпеңіз. Ешбір жағдайда SMS-хабарлама арқылы келген кодтарды ешкімге жолдауға болмайды. Үшінші тұлғалардың талабы бойынша «TeamViewer», «AnyDesk» және т.б. қосымшаларды телефондар мен компьютерлерге жүктемеңіз. Бұл қосымшалардың көмегімен алаяқтар сіздің құрылғыларыңызға толық бақылау алып, шоттарыңыздан қаражат жымқыруы мүмкін. Алаяқтардан сақ болыңыз. Жеке құпия ақпаратты ешкімге айтпаңыз, - деді «Halyk Bank» баспасөз хатшысы Досбол Арыстанбек.