Telegram чаттарында АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) СOVID-19-ға қарсы вакцинация миокардит пен перикардит қаупін 200 есеге арттырады деген қорытындыға келді деген хабарлама таратылуда. Оның авторының айтуынша, қорытынды ведомствоның ресми сайтында есепте жарияланған. Шын мәнінде, құжатта мұндай ештеңе айтылмаған.
АҚШ-тағы ресми мәліметтерге сәйкес, 177 миллионнан астам адам COVID-19 қарсы вакцинаның кем дегенде бір дозасын алды. Осы жылдың 21 сәуіріндегі жағдай бойынша вакциналардың болжамды жанама әсерлері туралы өз бетінше хабарлауға мүмкіндік беретін VAERS жүйесіне миокардитке немесе перикардитке байланысты 616 өтініш келіп түскен. Олардың 393-і тексеру қорытындысы бойынша шынайы және қандай да бір түрде вакцина алумен байланысты болып шықты. Бұл көрсеткіштер вакцинацияланған адамдар арасында миокардит пен перикардиттің дамуы сирек кездесетін құбылыс екенін және екпе салдырғандардың шамамен 0,2% –ында дамитынын көрсетеді.
Алайда мамандар миокардит пен перикардиттің даму жағдайларын зерттеуде. Атап айтқанда, қазақстандықтар Telegram-да талқылап жатқан құжат осы проблемаға арналған және АҚШ-тың иммундау практикасы жөніндегі Консультативтік комитетінің мамандарымен әзірленген.
Құжатта келтірілген кестелер мен статистикалық мәліметтер вакцинацияланған және вакцинацияланбаған адамдар арасында миокардит пен перикардиттің даму жағдайлары салыстырылмайды. Вакцинация кезінде миокардиттің даму қаупі 200% өсетіні туралы деректер есепте жоқ.
Кестелер мен графиктерде VAERS жүйесінің деректері пайдаланылған, ал есеп авторлары вакцинация мен аурудың арасында себеп-салдарлық байланыс болмауы мүмкін екенін айтады.
Графиктерде вакцинаның бірінші және екінші дозасын алғаннан кейінгі өтініштер санын, ерлер мен әйелдерде жағымсыз реакциялардың даму жиілігін және вакцинацияланған адамдар арасында миокардиттің пайда болу табиғаты мен себептері туралы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін басқа деректер ұсынылған.
Қорытындыда алынған нәтижелер клиникалық зерттеулердің мәліметтеріне сәйкес келеді делінген. Миокардит жас ерлер мен жасөспірімдерде вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін жиі дамиды, симптомдар вакцинациядан кейінгі алғашқы төрт күнде пайда болады.
Сондай-ақ, есепте миокардиттің дамуы туралы хабарлаған адамдардың басым бөлігі айығып шыққаны айтылған. Кейбіреулері дәрігерлердің бақылауында. Өлім-жітім тіркелмеген.
Миокардиттің дамуы сирек кездесетіндіктен, CDC әлі де 12 жастан асқан барлық адамдарға COVID-19 қарсы вакцина алуға кеңес береді.
Қорытындылай келе, таратылып жатқан есеп вакцинацияланған адамдарда миокардит пен перикардиттің даму қаупі вакцинаны алмағандарға қарағанда 200 есе жоғары екенін дәлелдемейді. Құжатта мұндай статистика жоқ.