Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігі вакцина алатындардың санын арттыруды қамтамасыз етуі кеерк. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Сәуір айында вакцина алатындардың, әсіресе егде жастағы адамдардың саны елеулі артатын болады. Бұл шаралар тұрғындарда ұжымдық иммунитет қалыптастырып, инфекцияның одан әрі таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Осы фактор пандемиямен күресуде және экономикалық өсуді қалпына келтіруде аса маңызды болып саналады», - дейді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.
Осыған байланысты ол Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
«Бірінші, әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігі вакцина алатындардың санын арттыруды қамтамасыз етсін. Ол үшін вакцинаны сақтау мен тасымалдау үшін қажетті жағдайлары бар егу кабинеттерін қосымша ашу керек. Ақпарат министрлігімен бірлесіп, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Әкімдіктердің сайтында вакцинация, оның пайдасы мен егу пунктерінің мекенжайлары туралы нақты ақпарат жоқ. Халық арасында вакциналаудың маңыздылығы туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін қоғам мен медицина қызметкерлерінің арасында семинарлар ұйымдастыру керек. Денсаулық сақтау министрлігіне наурыз айының соңына дейін егу пунктерінің дайындығын бақылап, вакцинаны қажетті көлемде, уақытылы жеткізу үшін барлық мәселелерді шешуді тапсырамын», - деді ол.
Сондай-ақ А.Мамин өңір әкімдіктері тұрғындардың, әсіресе, ұжымдарда, білім беру ұйымдарында шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Екінші, адамдар көп жиналатын ойын-сауық іс-шараларының өткізілуіне жол берілмесін. Алдағы мереке күндері осыны естен шығармау керек. Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, мониторингілеу топтарының жұмысын күшейтсін және тәртіп бұзушыларды қатаң жауапқа тартсын. Үшінші, денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, ауру ошақтарында жедел шара қолданып, шектеу шараларын қайта қарасын. Науқастармен байланыста болған барлық адамдарға коронавирусқа тестілеу міндетті түрде жүргізіліп, бақылауда болуы керек. Бұл ретте күнделікті жүргізілетін ПТР-тестілеу деңгейі төмендемеуі тиіс», - дейді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.