«Бейнеу-Шалқар» автожолын жөндеу бұрын басталған автожол жобаларын салу және нашар жолдарды реконструкциялау аяқталғаннан кейін қолға алынады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
«Бейнеу – Шалқар» автомобиль жолын 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына енгізу туралы депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес «Орталық – Батыс» дәлізіне кіретін, ұзындығы 1273 шақырым «Нұр-Сұлтан – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар – Қандыағаш» автомобиль жолын реконструкциялау көзделген және оны қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының есебінен болжанады. Жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуда», - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Асқар Мамин Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, 24 мың шақырым республикалық автожолды реконструкциялау және жол сервисімен қамтамасыз ету көзделгенін айтады.
«Осыған байланысты ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, мемлекеттік бағдарламада көзделген Шалқар қаласынан Бейнеу ауылына дейінгі автомобиль жолы құрылысының жобасын іске асыру бұрын басталған автожол жобаларын салу және қолданыстағы техникалық жағдайы нашар жолдарды реконструкциялау аяқталғаннан кейін қаралады», - деді Премьер-Министр.
Дереккөз ҚазАқпарат