Бүгін 1 қыркүйек – Білім күні. Жаңа 2020-2021 оқу жылында 3,3 млн қазақстандық оқушы, 466 мың колледж студенті және 600 мыңнан астам жоғары оқу орындарының студенті білім алады. Санитарлық дәрігерлердің талаптарына сәйкес карантиндік шектеулер жағдайында жаңа оқу жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты әртүрлі форматта басталады.
Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 352 091 оқушы қабылданды, олардың шамамен 75%-ы – 6 жасқа толған бүлдіршіндер. Дегенмен, ата-аналардың шешімі бойынша күнтізбелік жылдың соңына дейін алты жасқа толатын 11 мыңға жуық бала мектеп оқушысы атанды.
Балалардың жас ерекшеліктері мен ата-аналардың тілектері ескерілді, мектептерде санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істей бастады: бір сыныпта 15 оқушыдан артық емес.
Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптарда бір миллионнан астам бала оқиды, олардың 60%-ы ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің өтініштері бойынша мектептерде, кезекші сыныптарда станитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып оқуды бастады.
Айта кетейік, елімізде 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді, олардың 3 мыңға жуығында 1-11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқуды бастады. Негізінен, бұл шалғайдағы шағын жинақталған мектептер, олардың әрқайсысында 180-нен астам бала бар. Тиісті шешімді санитарлық дәрігерлер қабылдады.
Шамамен 2,6 млн оқушы жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастады. Олар отандық білім беру платформаларын пайдалана отырып, қашықтан оқитын болады. "Балапан" және "Ел Арна" республикалық телеарналары педагогтердің тілектері бойынша қосымша құрал ретінде пайдаланылатын телесабақтарды тарататын болады.
Биыл жаңартылған білім беру мазмұнына толық көшу аяқталғанын айта кеткен жөн.
Бүгін еліміз бойынша жаңа 32 мектеп ашылды, жыл соңына дейін тағы 77 білім беру ұйымы пайдалануға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар оқушыларды қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін оларға мектеп компьютерлері мен роутерлерді уақытша пайдалануға берді.
Жаңа оқу жылында мектептерде 10 258 жас маман жұмысын бастады.