Медицина қызметкерлерінің заңды және қаржылай қорғануы әрі жауапкершілігі жүйесін енгізу қажет. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Таяуда ғана қазақстандық медицина туралы кез келген ескертулер бірыңғай теріс пікірлер тудырып келді. Дәрігерлік қателік үшін заңсыз әрі әділетсіз қылмыстық қудалау фактілері де жиі орын алды. Меніңше, бұл тәжірибені қайта қарау қажет», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің атап өтуінше, өз міндетін тиісті деңгейде орындамаған медицина қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігіне қатысты сыни сараптаманы қайта қарау қажет.
«Тергеу барысында немқұрайлылық деңгейін анықтау өте күрделі. Бұған қоса, қылмыстық бапқа тартылған дәрігерлердің аз еместігін де білеміз. Сонымен қатар клиникалық зерттеу жүргізу тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жазалауды қолдауды қайта қарастырған жөн. Жазалану қатері медицина мамандарын ғылымнан жеріндіреді. Әрине, жоғарыда айтылғандар дәрігерлерден азаматтардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілігін алып тастамайды. Бірақ, мұндай жауапкершілік әлемнің дамыған елдеріндегідей әкімшілік және азаматтық-құқықтық болуы тиіс. Кәсіби қызметіне кепілдік беруді қоса алғанда, медицина қызметкерлерінің заңды және қаржылай қорғануы әрі жауапкершілігі жүйесін әзірлеп, енгізуді тапсырамын», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.