12 тамыз Халықаралық жастар күніне орай "Жастармен бірге" ұлттық онкүндігі аясында Халықаралық деңгейде Бейнеу ауданы әкімінің кубогы үшін «Жайдарман» сайысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сайысқа көршілес Қарақалпақстан Республикасынан «Алмас» құрамасы, Атырау облысынан «Қарабау», "Маями'" құрамалары, Ақтөбе облысының «Ембі», "Байғанин" құрамалары, Атырау облысынан «Индер» құрамасы, Ақтау қаласынан "Инсайд" құрамасы, Жаңаөзен қаласынан «ӨзенМұнайГаз» құрамасы және Бейнеу ауданының намысын қорғаған «Бейнеу» құрамасы қатысып, командалар өз өнерлері мен шеберліктерін көрсетті.
Шараға аудан әкімі Рахымжан Шалбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ардақ Рәббімұлы мен жастар қатысты.
Қызықты да тартымды өткен сайыста әділқазылар алқасының ұйғарымымен қарақалпақстандық «Алмас» құрамасының жастары І орынды иеленіп, Бейнеу ауданы әкімінің кубогының иегері атанды. Сонымен қатар, бейнеулік «Бейнеу» құрамасы ІІ орын, жаңаөзендік «ӨзенМұнайГаз» құрамасы ІІІ орынға ие болып, жеңімпаз атанды.
Жайдарманда өзінің жайдарлы әзілдерімен көрермендер көзайымы болған «Индер» құрамасының ойыншысы Бірлес Бакетов «Үздік ойыншы» аталымымен марапатталды.