Ақтауда теңіз жағалауындағы Амфитеатр алаңында бос жұмыс орындар және жаңадан кәсіп ашқан жандардың жәрмеңкесі өтті, mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бурхандинованың айтуынша, іс-шараның мақсаты - NEET санатындағы жастарды, өңірдегі жұмыссыз жандарды жұмыспен қамту.
- Бүгінгі жәрмеңке мансап және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қатысуымен өтті. Іс-шараға 40-қа жуық компания, бос жұмыс орындары бар орталықтар келді. Жәрмеңкенің ерекшелігі NEET санатындағы жастармен қатар тіркеуде тұрған, қамаудан шыққан жастарды да жұмыспен қамту қарастырылған. Сондай-ақ іс шарада жастарға керемет көңіл-күй сыйлау мақсатында LED экран арқылы караоке ұйымдастырылды, - дейді Гүлмира Бурхандинова.
Тұрғындар өз салаларына байланысты толық ақпарат алды. Солардың бірі - Бану Қуанғалиева.
- Менің жасым жиырма бесте. Мамандығым - ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Бос жұмыс орындары бойынша кеңінен ақпарат алдым. Бұл жастар үшін өте үлкен мүмкіндік, - дейді ол.
Сонымен қатар, іс-шарада декреттегі, көпбалалы аналар да өз бұйымдарын қойып, көрме өткізді.
- Мен бонбоньерки, тойбастар жасаймын. Осы кәсіпті қолға алғаныма 6 айдан асты. Кейін көпбалалы ана және мүгедек бала асыраушысы болғаным үшін үкіметтен маусым айында шағын грант жеңіп алдым. Жәрмеңкеге бұйымдарымды тұрғындарға көрсетіп, жарнамалау үшін келдім. Жас кәсіпкерлерге қолдау көрсеткен басқармаларға рақмет, - дейді Назерке Әбдірова.
Айта кетейік, аталған іс-шара Маңғыстау облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының үйлестіруімен жүзеге асырылды.