Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысқаннан кейін, тиісті сала басшыларымен аудан аумағында орналасқан мал ауылдарды аралап, қожалық иелерімен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шаруа қожалық иелері аудан әкімімен ашық сұхбат құрып, маңызды бірнеше мәселе көтерді. Атап айтқанда, қысқы мал азығы, ет, сүт өнімдерін сақтау қоймаларын ашу, мал терісі мен жүнін өңдеу, субсидия алу, шалғай жерлерді ұялы байланыспен қамту, қатқыл табанды жолды қалпына келтіру мәселелері айтылып, оларды шешу жолдары қарастырылды.
Аудан басшысы шаруалар тарапынан айтылған өтініштерге заңдылыққа сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, жақында «Екібай» шаруашылығына қажетті демеушілік есебінен техникалар мен қысқы отынмен (көмір) қамтамасыз ету бағытында тиісті шаралар қабылданды.
Өз кезегінде аудан әкімі қожалық иелерінің мәселесіне қатысты тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, биыл «Бекзат» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ Маңғыстау облысының филиалынан «Өнеркәсіп даму» бағдарламасы арқылы лизингке жеңілдетілген 6 пайызбен Беларус 82.1 тракторын алды. Аталған шаруа қожалық иесі өзінің төрт түлігіне жоңышқа өсіру арқылы мал азығын дайындауды көздеп отыр. Ол үшін қосымша 260 гектар жер орынның құжаттары рәсімделіп жатыр.