«Таза болса табиғат – аман болар адамзат» тақырыбында балалар суреттері байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz экология департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәстүрлі түрде жыл сайын халықаралық балалардың құқықтарын қорғау күні қарсаңында өтетін байқау, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай тұспа-тұс келеді. Бүгін Маңғыстау облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері арасында «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты сурет салу байқауының жеңімпаздарын облыстық экология департаментінің мамандары құттықтады.
Экология күніне орай өткізілген байқау қоршаған ортаны сақтау, балалардың экологиялық мәдениетін арттыру, әлеуметтік және экологиялық жауапты азаматтарды тәрбиелеу мақсатында өткізілді.
Айта кету керек, балалар жиырмаға жуық жұмыстарын ұсынды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдерін атамас бұрын Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов құттықтау сөзімен ашып, жылы ілтипатымен бөлісті. Жеңімпаздар диплом, қаржылай сертификат және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Байқау 5-17 жас аралығындағы жас ерекшелігіне байланысты өткізілген болатын. Байқау қорытындысымен қазылар алқасының шешіміне сәйкес, бірінші орынды Қызмет көрсету колледжінің бірінші курс студенті Александра Короткова жеңіп алса,
екінші орынды Раяна Таңбаева мен Аян Атшыбаев ұсынған суреттер лайықты деп табылды. Ал жүлделі үшінші орынды Анеля Нұрымова, Диляра Мұстажаева және Тамара Баранова өзара бөлісті. Қалған қатысушылар да марапаттан тыс қалмады. Барлығына сыйлықтар үлестірілді.