Ақтауда «Мерейлі отбасы - 2023» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.
Биыл өңірлік байқауға облыста мұнай-газ, білім, денсаулық сақтау, өнер, кәсіпкерлік және т.б. салалары бойынша 63 отбасы өтінім берді. Байқауға көпбалалы отбасылар мен жас отбасылар белсенді қатысты.
Биыл байқаудың облыстық кезеңіне 14 отбасы жолдама алды. Оның ішінде ұстаздар династиясы, өнерлі әулеттер, кәсіпкер отбасылар, ата кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен еңбек әулеттер бар.
Атап айтқанда, Ақтау қаласынан - Еңсегеновтер отбасы, Амирхановтар отбасы, Жаңаөзен қаласынан - Агисовтар отбасы, Бисеновтер отбасы, Бейнеу ауданынан - Тастеміровтер отбасы, Оразалиевтер отбасы. Қарақия ауданынан - Құлпыбаевтар отбасы, Құттымұрадовтар отбасы.
Маңғыстау ауданынан - Сабытаевтар отбасы, Дәрібаевтар отбасы, Мұнайлы ауданынан - Қошқарбаевтар отбасы, Башбалаевтар отбасы.
Түпқараған ауданынан - Мұхан отбасы, Жолдыбаевтар отбасы.
«Мерейлі отбасы - 2023» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде І орынды Бейнеу ауданы Тастеміровтер отбасы алды. ІІ орын Түпқараған ауданы Мұхан отбасына берілсе, ІІІ орын Маңғыстау ауданының Дәрібаевтар және Сабытаевтар отбасыларына берілді.
Сонымен қатар облыстық кезеңге қатысқан қалған 10 отбасына лауреат атағы берілді. Жеңімпаз отбасылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Маңғыстау облысының атынан республикалық кезеңге Бейнеу ауданының Тастеміровтер отбасы жолдама алды.
Отағасы – Шалабай Тастеміров, 94 жаста, зейнеткер. «Еңбек ері», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», Халық шаруашылығы жетістіктер көрмесіннің күміс медалінің иегері. Маңғыстау, Сыңғырлау совхоздарында мал дәрігері, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған. Зейнетке шыққан соң Сыңғырлау ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық шараларға белсене қатысады.
Отанасы – Орис Тастемірова, 85 жаста, зейнеткер, көпбалалы ана. «Батыр ана» медалі және «Алтын алқа» иегері. 1985 жылдан бастап өзінің кәсіп қылған киіз үйімен айналыса бастады. Киіз үйдің сыртқы ақ киіздерінен бастап, ішкі бау, басқұр, шашақтарын, кілем-төсеніштерін түгел жаңғыртып, кереге, уық, шаңырақтарына дейін қайтадан сырлап, дайындаған.
Тастеміровтер отбасы – 13 бала, 45 немере, 58 шөбере тәрбиелеп өсіріп отырған үлкен қара шаңырақ. Тастеміровтер отбасынан 10 мұғалім, 8 жеке кәсіпкер, 5 мұнайшы, 3 байланыс қызметкері, 4 мемлекеттік қызметкер, 4 «Алтын белгі», 3 «Үздік аттестат» иегерлері шыққан. Немеренің үлкені 37 жастағы мұнайшы, шөберенің алды 15 жастағы мектеп оқушысы.
Сондай ақ шараға «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының 2013-2022 жылдардағы облыстық кезеңінің жеңімпаз отбасылары қатысты.